Жалпықалалық экологиялық сенбілік

Таза қаланың тынысы кең. Үйреншікті үрдіске айналған сенбілік қаламыздың көркеюіне көп үлес қосуда. Бірлігі бекем Тоқыма және тамақ инженериясы жоғары мектебінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері бұл іске келгенде жұдырықтай жұмылып, білек сыбана кіріседі. Дағдылы игі іс жалғасын тауып, 2016 жылдың 17 қырқүйегінде сенбі күні қала тазалығы үшін деген тілек екі қолға бір күрек ұстатты.

Жалпықалалық экологиялық сенбілікке жоғары мектебімізден 100 жуық адам шықты. Көпке үлгі болып көшті өзі бастап жүретін жоғары мектеп деканы бұл шаруадан да шет қалмады. Келе сала қолғап киіп, қолына күрек алып тазалау жұмыстарына кірісіп кетті. «Жалпықалалық сенбілік – дәстүрге айналған шара. Арайлы қаламызды таза ұстауымыз керек. Әрбір адам өзінің отбасы үшін, еткен еңбегі үшін, тұрған тұрағы үшін жауапты. Осындай сенбіліктерге белсенді атсалысу бұл қалада өмір сүріп жатқан тұрғындардың жауапкершілікті сезінгені деп ойлаймын. «Мен – шымкенттікпін!» деген мақтаныш сезімі ұялауы үшін қалада ұйымдастырылып жатқан сенбіліктерге шығып, бір-екі сағат еңбектенсек одан шаршамаймыз, керісінше сергектік сыйлайды дейді жоғары мектеп деканы Ботабаев Нұржан Еркебайұлы.

Өскен өңірдің өрендері – қаланың келешегі ғана емес, келбеті. Сенбілікке келген көпшіліктің басым бөлігі – жастар. Тоқыма және тамақ инженериясы жоғары мектебінің студенттік деканы 3-курс студенті Жиенбеков Саян: «Қалада өткен сенбіліктің бәріне жыл сайын қалмай қатысамыз. Жалпы, жастар – қоғамда қозғаушы күш. Осындай күшке ие біздер мұндай шаралардан тыс қалсақ, қаламыздың дамуының қарқыны бәсең болатыны сөзсіз. Сондықтан, өзіміз тұрып келе жатқан қаланы таза ұстауға тырысамыз» дейді.

Құрметті студенттер, бәрін өзіміз үшін деп істейміз. Кіршіксіз қалада күн кешу кімге болсын жайлылық сыйлайды. Яғни, мұндай «өзімшілдік» көпшілікке қызмет етеді. Тұрғындар өзі өмір сүретін ауданын, студенттер оқу ордасының ауласын, жұмысшылар қызмет орнының аумағын таза ұстаса – бұл қоғамның тазалығын қалыптастырады. Сенбіліктерге ескірген үрдіс ретінде қарау үшін қала тұрғындары кез келген жерге қоқыс тастамай, әркім өз үйіндей қарап, ара-тұра болса да тазалық жұмыстарын жасап тұру қажеттігі айқын. Қоғам барда сенбіліктер маңыздылығын ешқашан жоғалтпайды. «Менің қалам – таза қала» ұранымен қүнімізді бастайық.

 

Тәрбие жұмыстары бойынша комитеті.